МОДИФИКАЦИЯЛАНҒАН БАЙЛАНЫСТЫРҒЫШ НЕГІЗІНДЕГІ СУЛЬФАТҚА ТӨЗІМДІ БЕТОН ЖАСАУ
Authors/Creators
Description
Бұл мақалада модификацияланған байланыстырғыштар негізінде алынған бетондардың сульфатты агрессивті ортаға төзімділігі салыстырмалы түрде талданады. Зерттеудің негізгі өзегі - бетонның беріктігін ғана емес, оның ұзақ мерзімді құрылымдық тұрақтылығын да бағалау. Себебі сульфат иондары цемент тасының минералдық құрамымен әрекеттескен кезде бетон ішінде көлемі ұлғаятын қосылыстар түзіліп, материалда ішкі кернеу, жарықшақтану, масса жоғалту және беріктіктің төмендеуі байқалады. Осы мәселе гидротехникалық, жерасты, жол-көпір және ылғалды ортада пайдаланылатын бетон конструкциялары үшін ерекше маңызды. Зерттеу барысында үш түрлі байланыстырғыш қолданылды: ЦЕМ II/А-К(Ш-И) 32,5Н, ЦЕМ II/А-П 32,5Н және ЦЕМ I 32,5 НСС. Барлық бетон құрамдары үшін су-цемент қатынасы W/C = 0,45 деңгейінде қабылданып, толтырғыштар мен суперпластификатор мөлшері бірдей сақталды. Бұл тәсіл цемент түрінің бетон қасиеттеріне әсерін жеке фактор ретінде бағалауға мүмкіндік берді. Үлгілердің сығылу беріктігі, су сіңіргіштігі, кеуектілігі, масса жоғалтуы және сульфатты ортадан кейінгі беріктікті сақтау коэффициенті зертханалық сынақтар арқылы анықталды. Алынған нәтижелер сульфатқа төзімді портландцемент негізіндегі бетонның құрылымы тығыз әрі тұрақты қалыптасатынын көрсетті. Бұл құрам 28 тәулікте ең жоғары сығылу беріктігін көрсетті, су сіңіргіштігі 3,86 %, кеуектілігі 9,8 % деңгейінде болды. 5 %-дық Na₂SO₄ ерітіндісінде 180 тәулік сақталғаннан кейін масса жоғалтуы 1,13 %-дан аспады, ал беріктікті сақтау коэффициенті 93,64 % болды. Пуццоланды және қожды портландцементтер негізіндегі бетондар да сульфатты ортада қанағаттанарлық тұрақтылық танытты, бірақ олардың масса жоғалтуы мен беріктік төмендеуі салыстырмалы түрде жоғары болды. Зерттеу нәтижелері сульфатты ортада қолданылатын бетон құрамын таңдауда цементтің минералдық құрамы, бетон құрылымының тығыздығы және су сіңіргіштік көрсеткіші шешуші рөл атқаратынын дәлелдейді.